Зиялы ғылыми танымдық порталы

Нақыл сөздер

Қазақ халқының даналығы ғасырлар бойы ұлы тұлғаларының нақыл сөздері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
Бұл сөздер тек қана терең мағыналы ой емес, сонымен қатар өмірлік бағдар, рухани тәрбие көзі болып табылады.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен араласып соған құл болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Я кішкене ұлттардың жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Математика, инженерлік ғылым салаларында онша көп талас бола қоймайды. Себебі олар – нақты ғылымдар. Ал, пәлсапалық салада барлық мәселелерде бір түйінге келу мүмкін емес.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Келешек дегеніміз – үміт, сенім екенінде дау жоқ. Әр адам, әр ұлт, әр халық өз келешегіне қожа болу үшін ең алдымен өздеріне сену керек.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Тәкаппарлық – өзін басқалардан зор санау, адамзат қауымдастығының қағидасына қайшы келеді. Барлық жаман әдет- ғұрып осыдан шығады. Бұл көбінесе, мәнсап иелерінде кездеседі.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Әрбір адам өзінің халқы үшін қызмет етсе, оның ісі үй-ішіне де, ағайын-туысына да, халқына да пайдалы болады. Демек, отанды, ұлтты жаңғырту үшін әр адам өзіне тиісті сеніммен атқару керек.

  • Ғұмар Қарашұлы

    Ғұмар Қарашұлы

    Бір қатар адамдар отан, ұлт мәселесімен тек жоғары лауазымды және ой кешті адамдар айналысса болар – деседі. Отан, ұлт мәселесі баршаға ортақ. Әркiм: үлкен де, кіші де бұл жайлы ойласа керек.

    Отанға, ұлтқа, қызмет ету – жоғары мәнсапты, яки, бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жай, орташа адамдар да отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Баланы тәрбиелеп өсірмек – ата-анаға қарыз. Сол қарызды мойнынан түсіру керек. Балалар сотқар, әдепсізибадатсыз болып өссе, бұлардың ата-анасы бұлар үшін о дүниеде құдай алдында жауап берсе керек.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Жас бала үрықпен тең. Жақсы жердің топырағына түскен ұрық өсіп- өніп шығады. Тастау, топырағы жаман жерге түскен ұрық күйіп, семіп, қурап қалады. Баланың ата-анасы – топырағы жақсы жермен тең, бала жерге шашқан ұрықпен тең.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Ата-ананың адал ақ көңілі, бұлардың қамқорлығы, тәрбиенің түзулігі – балаларға бір жақсы көп пайдалы іс болса керек.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Ғылымқор, өнерпаз, айлакер адам – құмай арлан тазы. Кел, қазақтар, балаларымызды жақсылап тәрбиелеп өсіріп, бұларды оқытайық!

    Бұлар өнер-білім, ғылым білсе – адам. Ғылым-білім, өнер білмесе, бұлардың адамдыққа саны бар ма?

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Адам тәрбиесі зор һәм қиын іс. Мұның тәрбиесі — өніп жерге өскен нәрселердің һәм бар мақұлық хайуандардың тәрбиесінен артық та, зор да һәм қиын да.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Мал, дәулет – ғылыммен табылады. Балаларына жақсы өнеге беріп, ғылым, өнер үйретсең, бұлар сізге бек разы болар һәм ол дүниеде де сіздерді Алла тағала жарылқар. Кім-кімге болса да балаларына тәрбие беріп, бұларды оқуға бермек – сын.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Кім-кімге болса да осы заманда өнер, ғылымнан артық нәрсе болмас. Өнер, ғылым білген кісі азбайды да тозбайды. Қай жерде, қай уақытта болса да өнерпаз, ғылымы бар адамдар күнін көреді. Сол себепті біздер қазақ халқымызға ақыл қылып айтамыз, медресе салып, балаларын оқуға беруге.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Қашан бүкіл халықтың немесе әрбір адамдардың ақылы ғылым оқудың себебімен ілгері басып көбейсе, сонда ғана жуан білектіге қошемет қылмай, ақылының көбіне қарай қошемет қылар еді.

  • Отыншы Әлжан

    Отыншы Әлжан

    Ғылым, оқу қадірін білмеген қараңғы халықтардың мінезі қатты келеді. Ғылым, оқу білмеген адамдар — ақыл-әдепті өзінің күшіменен біреуге қорлық қылып табады.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Мал бағатындар – мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар – ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар – бала оқытуын жақсы білерге керек.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Тіршілік өнерінің артылуы — тіршіліктің керек қылуына қарай болмақ.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек. Күш пен есті қатар жұмсап ас қылу — еңбек ету болып шығады.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Әр әркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Талап - жоқ, үміт — мол бір халықпыз.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Дұрыс пен қатені, қисық пен түзуді айыруға жаратқан көкіректе — көз бар.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды, «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» — деген қазақта мақал бар.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Тән мен жан – сабақтас, екеуі – бірінен бірі айырғысыз. Тәнсіз – жан жоқ, жансыз – тән тұра алмайды.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Алушы да, беруші де — өзіне жағымды жағын іздейді.

  • Ахмет Байтұрсынұлы

    Ахмет Байтұрсынұлы

    Арзан пәлсапа – алысқа апара алмас.