Зиялы ғылыми танымдық порталы

Нақыл сөздер

Қазақ халқының даналығы ғасырлар бойы ұлы тұлғаларының нақыл сөздері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
Бұл сөздер тек қана терең мағыналы ой емес, сонымен қатар өмірлік бағдар, рухани тәрбие көзі болып табылады.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Халел Досмұхамедұлы

    Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабілетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Бір халық, бір елдің де – дүниеде ұлт, ел болып жасауы, тіршілік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар. Тілі, әдебиеті болмаған ұлттың да тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзінде айырым әдебиеті болмаған ұлттар дүниеде жасай алмас, жасар, яки, жасауы ұзаққа бармас, әдебиеті... жаны бар ұлттарға азық болар, жем болар, сөйте-сөйте ол ұлт өзі де дүниеден жоқ болар.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Емшек сүтімен баланың денесі қанша өссе, оның көңілі, махаббаты да соншалықты өсіп, күннен-күнге арта беру шарт – бұл бір, екіншіден, бала ана қолында осылайша тәрбие алғаннан кейін мектептерде өзінің ана тілі мен әдебиетін үйретіп, өз халқының тарихи өмірі, тұрмыс жағдайымен оларды жақсы таныстыру қажет.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Тәуке хан өзінің әділ һәм ақылдылығы арқасында қазақтың үш Ордасын, яғни, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз қазақтарын біріктіріп, өзіне қаратқан қазақтардың өз арасындағы соқтық жанжалдарды бітірген. Күнсіз табындарды күштілерге қарсы тұру үшін біріктіріп, күштілерді жуасытқан, жарлыны байға, күштіні күшсіздерге бір тегіс етіп, заң-закон түзеген... Тәукеден кейінгі қазақ хандарының арасында береке, бірлік болмай, әр уақыт бір- бірімен шабысып, жауласып тұрған.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Бұрынғы бабаларымыз, оқу-жазу білмейтін қарттарымыз ХХ ғасырдағы бүгінгі қазақ жастарына қарағанда өз тарихтарын артығырақ білген, ең болмағанда әркім өзінің жеті атасының тарихын ұмытпаған.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Тілесек, кім үшін болсын, дүниеде тарих ғылымындай ғылым жоқ. Неге? – десеңіз сол тарих ғылымын оқуменен өткенде болған әр түрлі істерді біледі, оларды білу арқасында келешекке әркім өзіне бір тура жол даярлайды. Өткенде болған қате істерден сақталады.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Тарих, өткен замандағы болып озған халықтардың ахуалы, олардың бастарына қандай қиындық, ауырлықтар келіп кешкендігін, қандай жақсылықтарға душар болып, олардың бастарына қандай жарық күндер туып өткендігін білдіретін бір ғылым.

  • Ғабдолғазиз Мұсағали

    Ғабдолғазиз Мұсағали

    Мың айт, бір айт: баяғы надандық, білімсіздік, өнерсіздік, жалқаулық – қазақ халқы не көрсе де, сол жалқаулық, надандық себепті көріп жатыр. Қазақты сол надандықтан құтқармай тұрып, қазіргі ауыршылықтан аман-есен алып шығу оңай емес. Не қылсақ та, сол надандықпен күресіп, соны жығып, жеңудің амалын табу керек.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Көшпеліліктен отырықшылыққа айналу өте қиын мәселе һәм тіршілік мәселесі. Бұл мәселе, әсіресе қазақ даласына ішкі Русиядан мұжықтар ағыла бастағаннан бері қиындады.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Адалдық бітіп, кісілік таусылып, нашарлар теңдікке жетпей, малы түгіл қатын-балаға ие болмас заманға біздің қазақ ұшырап тұр.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Біздің бар қазаққа тараған бір газета, бір журналымыз бар. Бұл екеуі де дүниеге жаңадан ғана келген жастар. Бұлардағы жазған сөздерді оқып өзге халықтың газетімен салыстырып қарасақ, біздің қазақшылығымыздың білінер тұсы бар көрінеді.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Қазақтың әдебиеті бүгін кеш жарыққа шығып, жұрттың сынына түсіп тұр. Әдебиет те жас баламен бірдей, сүйеу күтеді. Халық жақсы көзбен қараса, әдебиетке демеу болып, əдебиет өрге басады.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Әскерлік қызметін атқару қазақ халқының мойнына міндет болып, низам шығарлық болса, біз атты әскер болуды лайық көреміз һәм қазақ-орыс ретінде қызмет ететін болсақ, мұндағы кейбір ауыртпалықтарды жеңілдету жағын ескертуді тиіс деп табамыз.

    Соғыс болған уақытта бір үйлі жанда шаруасын басқарарлық бір адамы қалатын болу керек.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Енді ел боламыз, қатарға қосыламыз десек, мектеп, медресені көбейтуге тырысу керек. Партия қуып, қулық, сұмдық сауғанша, баламызды оқытып, жұрт болу жағын көксеу керек, бұл біздің атқаратын зор міндетіміз.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Адамға қару-жарақ қандай керек болса, ғылым-білім сондай керек. Жаудан басын, талаудан малын қорғау — құралсыз болмайтын болса, ғылымсыз адамның да қадірі болмай, сөзі тыңдаусыз болмақ.

    Ғылымсыз халық та осы сияқты саны көп, сапасы жоқ болып, көп болса да, шөп болмақ.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Ұмтылатын заман келді. Ерлердің қайраты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, ынтымағы саналатын жорық болды. Қазағым, ойлан, толған! Ғылымсыз күн – қараңғы түн.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Оқу, оқыту, өнер үйреніп адал кәсіп істеуге қазақ көңіл қойып талаптанса, көзі ашылар еді, сонда қазақ ел болар еді.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Жерімізді қарасақ ұшан-теңіз неше мемлекеттің жерінен көп, бірақ сол жер бізге жетпей тарлық қылып отыр. 40 миллион француздың жері біздің арғын, найман жайлаған жерден көп аз. Соған да сиып отыр. Мұның себебі не? Олар Шөл даладан су шығарған, шөпсіз жерге шөп еккен, мұның бәрі ғылым арқасы.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Осы күнде екі жақсының бірі ынтымақта болуы кем де кем болды. Жақсыларымыз жұртына қорған болып, елінің қамын ойлайын дегеннен қалып, мақсұттары бірінбірі мұқату болды, біреу біреуден адал ақысын алып, қолы теңдікке жету деген қалды.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Ендігінің жастары, қазақты ілгері басқызу, адам қылу сендерден болмаса, қырдағы жақсы деген «жақсылардан» үміт аз. Оларға қалған күн қараң.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Қай мәселе болса да, қазақтың мұңын жеткізе білерлік бізден кісі табылар еді, бірақ бізді қинайтын жағы пұл бола ма деп қауіп етеміз. Қазақ ынтымақпен іс қылатын болса, пұл да қиын болмас еді.

    Мұндай іске кісілік көрсете алмаса, қазақтың жұрт болып жер үстінде жүруіне қажет аз.

  • Райымжан Мәрсек

    Райымжан Мәрсек

    Қай халық болса да қазақтан артық туған жоқ. Артылса, озса, ғылым-білім арқасында асып отыр. Егер оқу жолына – партиялық қызығуына кіргендей ұмтылсақ, талпынсақ, жігерленсек біреуінен кем болмауымыз анық.

  • Мұхаметжан Тынышбай

    Мұхаметжан Тынышбай

    Тарих жолымен жер жүзіндегі жұрттар екі бөлінеді: өнерлі, талапты, қатардан қалыспаған жұрттар. Бұларды тарихи жұрттар деп атайды. Еуропа һәм Азия халықтар, Америка және Америкадағы өнерлі халықтар (еуропалық тұқымдары) – бұлар тарихи жұрттар. Екінші: неше мың жылдардан бері бір қалыпта тұрған, ілгері баспаған, аң сияқты халықтар – тарихсыз халықтар. Африкадағы зәңгілер, америкадағы үнділер, Австралия жақтағы малайлар – бұлар тарихсыз жұрттарға жатады.

  • Мұхаметжан Тынышбай

    Мұхаметжан Тынышбай

    Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі — араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар, екіншісі – орысшаға оқығандардың еуропалық сөздері.