Зиялы ғылыми танымдық порталы

Халел Досмұхамедұлы

Халел Досмұхамедұлы – 1883 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1894 жылы Орал әскериреалдық училищесіне түсіп, оны 1912 жылы бітіріп шығады. Сондай-ақ 1903 жылы СанктПетербор императорлық әскеримедицина академиясына түсіп, оны 1909 жылы үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілді.

1917 жылы жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің Ұлт кеңесі құрамына сайланды. 1920 жылы 21 тамызда Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу- ағарту, мәдени Һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы болды. 1924 жылы Ресей Ғылым Академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі болып сайланады.

1930 жылы 15 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронежге 5 жылға жер аударылды. 1939 жылы әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Алайда аталған жылы оның артынан «түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды» деген хабар келген.

Нақыл сөздері

  • Халел Досмұхамедұлы

    Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабілетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.

  • Халел Досмұхамедұлы

    Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.