Зиялы ғылыми танымдық порталы

Нақыл сөздер: Әлихан Бөкейхан

Қазақ халқының даналығы ғасырлар бойы ұлы тұлғаларының нақыл сөздері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
Бұл сөздер тек қана терең мағыналы ой емес, сонымен қатар өмірлік бағдар, рухани тәрбие көзі болып табылады.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Еуропа жұртының сайлауы халыққа тегіс бір үлкен той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады. Сайлаған адамы халық қызметшісі, әр орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау əділ деп әр қайсысын өз орнына сайлайды.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақ сайлауы жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз, малшыдан басқа үйде отырып шаруасын қараған адам болмас. Сайлау жылы жұрттың көбінің мінгені – біреудің арқасы жауыр, құйрығы шолағы, қыдырып ішкені – біреудің қымызы, жатқаны – біреудің үйінің арты. Сайлау жылы қазақ ғұмыры осымен өтеді.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін.

    Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім – жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақ орысқа қараған соң, бәйге аттай, жақсы жорғадай туысынан болатын шешен озған би жоғалды. Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды. Бұрынғы жүйрік шешен билерден келе жатқан әз, әділ билік – жорасы жаман қарапайым тұғыр бидің парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты — қара, қараны – ақ қылатын күн туды.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақ-ау! Оян! Мұжық көшi жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды жалшы, малшы құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең оңайы етік тіккен, міні, бұ да кім болса соның, кез-келгеннің қолынан келмейді, бұ да етікшіні күтеді. Саясат ісі — адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең қиыны, етікке қылатын амал тарамыспен бітеді, саясат жолында тарамыс орнында адам баласы. Тарамыс та шеберді күтеді.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Тұмыр - тартыс-талас, ғұмыр жүзінде орын аламын десең ұсталық, жиһатшылық зор мақсат. Таласып талпынбаған кісіге де, халыққа да тәмәм қасқыр арасында бәйге жоқ.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Алыспаған, жүлыспаған – бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, әрі – құлдықтан, әйелі – күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды.

    Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Ғұмыр өзгерілді. Ат ұрлаған адамды тышқандай өлтіретін орыс мұжығымен ауылдас болдық.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын әр табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді. Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақтың буржуазиялық зиялылары мені «ұлт көсемі» деп атады.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Алаштың азаматы, бірік, бүгінгі үйара уақ істі таста, мына қараңғы қара бұлт Россия ылаңынан Алаш басын қорғайтын жолға шық!

    Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол!

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Біз қарап отырсақ – қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан – дауыл, үй артынан – жау келді. Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді – деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен – өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылмасаңдар, бостандық өзінен- өзі сендерге түк әкеп бермейді.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышына тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі, бізден қараңғылығы он есе, оны үлгі, үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйларының «Обаға қарсы ем қылу – халықтың құдіретіне қарсылық, кінә болады, ем керегі жоқ» – деп жасаған қаулылары автономия арбасына әсек пен түйе жегіліп оңбайтындығын көрсетеді. Бұл заманда Бұхардың көзілдірігін киіп, сарт көзімен дүниеге қарайтын кісілеріміз жалпының көбі десек те болады.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

  • Әлихан Бөкейхан

    Әлихан Бөкейхан

    Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.