Зиялы ғылыми танымдық порталы

ТАБИҒИ АПАТТАР КЕЗДЕСПЕЙДІ ДЕСЕК ТЕ БОЛАДЫ

ТАБИҒИ АПАТТАР КЕЗДЕСПЕЙДІ ДЕСЕК ТЕ БОЛАДЫ

Көп адамның зардап шегуіне әкеп соқтыратын апатты ғана табиғи апат деп санауға болады. Оның ауқымы да, күші де маңызды емес: салдарынан жапа шеккен адам болмағандықтан адам аяғы баспаған аралды жойып жіберген жанартаудың атқылауы табиғи апатқа жатпайды. Етегінде елді мекен болмайтын болса, таудан құлаған тас ағыны да табиғи апатқа жатпайды.
Сонда “табиғи” сөзінің мағынасы қандай? Қазіргі таңда адамзат бұл сөзді жауапкершіліктен бұлтару үшін пайдаланады. «Табиғи» сөзін дұрыс пайдаланып жатқан жоқпыз.
Адам баласының ағаттығы нәтижесінде орын алған Чернобыль апаты, Мексика шығанағындағы DeepwaterHorizon апаты, Бхопал апаты немесе Гренфелл мұнарасындағы өрт белгілі бір адамдардың қателіктері нәтижесінде туғаны анықталды. Олар басқаша әрекет еткенде апатты болдырмау мүмкін еді. Сол себепті осындай жолмен пайда болған апаттардың нәтижесі - белгілі бір адамдар мен институттардың жауапкершілігі. Олар өз шешімдері үшін заңға сәйкес тергеліп, есеп беруі тиіс, ал ақтала алмаса - жазалануы тиісті.
Мысалы, Гренфелл ғимаратындағы өртті зерттеу барысында жаппай өлімге әкелген қатерге себеп болған қателіктер (орнатылған қабаттың өртке төтеп бере алмауы , спринклерлердің жоқтығы, тұрғындарға арналған анықтама мен баспаналардың жоқтығы) заңды түрде талданған болатын. Қате шешімдердің қабылдануына қатысы бар кейбір тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Әрине, олар бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады, қоғамдық желілерде айыпталады. Жергілікті кеңес немесе ғимаратты иеленуші компания секілді ұйымдар болса, әдетте ресми түрде масқараланып, айыппұл төлейді, кейде тіпті таратылып, қайта құрылады.
Табиғи апаттар, керісінше, адамның бақылауынан тыс күштерден туады деп есептеледі. Олардың алдын алу мүмкін емес дейді. Сондықтан ешкімнің мойнына жауапкершілік артылмайды .
Алайда қазіргі таңда шынымен де табиғи деп атауға келетін апаттар өте аз. Апаттың белгілі бір табиғи құбылысқа тікелей қатысы болуы мүмкін, мысалы үйлер жер сілкінісі нәтижесінде құлап, адам өліміне әкелсе бұл апаттың «табиғи» екендігін білдірмейді.
Олай болса, «табиғи» деген үшін апат қандай болу керек? Оны анықтау үшін біз өзіміздің өмір сүріп жатқан әлемімізден басқа ойдан шығарылған, бірақ шындыққа жанасатын бірнеше әлемді елестету керек. Бұл әлемдерде де барлық денелер дәл сол физика заңдары бойынша қозғалады делік. Тек кейбір оқиғалардың ғана тарихы өзгереді. Мысалы, Хиллари Клинтон президент болған әлем сондайдың бір мысалы. Сонымен бір жағдай міндетті түрде екіншісінің себебі болуы үшін, B жағдайы (апат) А жағдайынсыз (экстремалды табиғи құбылыс) бола алатын әлем болмауы қажет. Бір оқиға екінші бір оқиғаны тудыру үшін жеткілікті болса, А оқиғасының (табиғи құбылыс) B оқиғасынсыз (апат) орын алуы мүмкін емес. А жағдайы В жағдайынсыз орын алатын әлем болмаған жағдайда ғана (кем дегенде, біздің әлемімізге ұқсас барлық әлемдерде) адам табиғат алдында дәрменсіз деген тұжырым шындық бола алады. (Ескерту: Бұл әлемдер шындыққа жанасатын, яғни “шынайы” болуы тиіс, мысалы, динозаврлар өмір сүрген әлем теориялық жағынан мүмкін болса да, шынайы әлемдердің қатарына жатпайды).
Енді бұл білімімізді шын өмірде болған апаттарға қолданып көрейік. Егер 2010 жылғы Гаитидегі жер сілкінісі шынымен де табиғи апат болса, осындай жағдай орын алған барлық шынайы әлемдерде көп адам шығыны болар еді. Сол кезде ғана біз 200,000 адамның жер сілкінісі нәтижесінде қаза тапқаны сөзсіз деп айта аламыз.
Әрине, бұл пікірді балама әлемдерді тікелей зерттеу арқылы тексере алмаймыз. Тексеру үшін өз әлеміміздің қалай жұмыс істейтінін талдай аламыз. Көлемі, ауқымы барабар екі жер сілкінісі адамдарға олардың өмір сүретін жеріне байланысты әртүрлі әсер ететіні анық. Мысалы, Гаитидегі апаттан соң жер сілкінісі Чили жағалауына да келіп жетті. Ол біріншісіне қарағанда әлдеқайда күштірек болса да, бұл жолы апаттың нәтижесінде бірнеше жүз адам ғана қаза тапты. Осылайша, дүр сілкіндірер табиғи құбылыс пен бізді шынымен де алаңдататын зардаптың (адам өлімінің) арасында айырмашылық жоқ деп айта алмаймыз. Адамдарды қаза қылған жер сілкінсі емес, құлаған ғимараттар. Ал адамдардың жер сілкінісі нәтижесінде қаза болу-болмауы олардың тұратын жеріне емес, қандай үкіметке бағынатынына байланысты. 2010 жылдың 12 қаңтарында сағат 17: 00-де Порт-о-Пренстен 25 км қашықтықта пайда болған 7,0 баллдық жер сілкінісінің аяусыз салдарын болдыртпау әбден мүмкін еді.
Бұл айырмашылықты түсіндірудің ең жақсы жолы келесі: кейбір маңызды мәселелерге қатысты қолданылатын шаралар да әр елде әртүрлі. Сондықтан бірдей табиғи құбылыстар әртүрлі елдерге әртүрлі нұқсан келтіріп жатады. Басқаша айтқанда, қауіпті табиғи апаттың адам шығынына әкелуі елде шешім қабылдайтын адамдар, институттардың қабылдаған алдын алу шараларына байланысты. Мысалы, құрылыс сапасының төмен болуы, аймақтарды бөлу мен басқарудағы қателіктердің маңызы зор. Логистикалық жоспардың ойластырылмағандығы мен тұрғындардың табиғи қауіптерге дайын еместігі де үлкен рөл атқарады. Осылайша ұқсас табиғи апаттың екі түрлі өлім-жітім нәтижелеріне әкелетіні адамдардың әр түрлі әрекеттері мен әр түрлі таңдауларына байланысты.
Осы тұста мынаны ескерген жөн. Везувий жанартауы атқылап, Помпейді күл астында қалдырғаны - шынымен де табиғи апат. Римдіктер бұндай оқиға бола алатынын білмеген. Сондықтан олар жанартауларда бақылау бекеттерін орнатпаған, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жоспарларын дайындамаған және қаланы қауіпсіз жерге ауыстырмаған. Осындай табиғи апаттар қазір де орын алуы мүмкін: ешкім білмеген астероидтің құлауы немесе бұрын соңды жер сілкінісі болмаған аймақтағы жердің қозғалысы табиғи апаттың мысалдары бола алады. Бірақ олардың орын алу ықтималдығы өте төмен. Ал бүгінгі күнгі апаттардың түгелі дерлік адамдардың ағаттықтарының салдары. Қасақана елемеу кінәсіздікті білдірмейді.
Бұл тұжырымның нәтижесі қандай? Апат мәселесін қарастыруда адамдардың кінәсін мойындау арқылы оларды тудырған қате шешімдерді іздеп табуға болады. Мұның бір бөлігі - кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта осындай маңызды мәселелердің еленбей қалатындығын болдырмау. Сонымен қатар, дұрыс шешімдерді жүйелі түрде қабылдау маңызды.
Бұл жолғы тергеу кеңірек әрі тереңірек болуы тиіс. Президент Буштың әкімшілігі, сондай-ақ Нью-Орлеан қалалық үкіметі мен полициясы сияқты жергілікті билік органдары Катрина дауылына қарсы қолданған шаралары үшін айыпталған болатын. Трамптың Пуэрто-Рикодағы Мария дауылына қатысты берген жауабы бюрократиялық бешаралықты танытты. Осындай айқын сәтсіздіктерді кінәлау дұрыс шығар, бірақ оған көп көңіл бөлудің қажеті жоқ. «Катрина» үшін берілген жауапқа назар аударғанымыз, бәлкім, халықтың үрейін басып, қорқынышты оқиғаны бастан өткізуге көмектескен болар. Дегенмен, бұл жағдай назарымызды апаттың әлдеқайда терең себептерінен, Жаңа Орлеаннан тыс жерлерде қолданыла бастаған су техникасы мен қалалық деңгейдегі институттың біліктіліксіздігінен басқа жерге аудартты. Америкалық қалалар әр дауылдан соң су астында қалмасын десеңіздер, осы мәселелердің шешімін табу қажет.
Бұл мәселелерді тіпті салыстырмалы түрде кедей мемлекеттер де шеше алады. Куба дауылдарды азаматтық қорғаныс мәселелеріне жатқызады және сондықтан ондағы өлім-жітім көрсеткіші Америкадағы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда төменірек. Бангладеш үкіметі болса, алдын ала хабар беру және күрделі эвакуация жүйесін құрды. Осының арқасында, 1970 және 1991 жылдары жүздеген мың адамды мерт қылған күшті циклондардың кесірінен қаза табатын адам саны жүз есеге дейін азайды,Қазіргі таңда көп адамдар ауа райына байланысты барлық апаттар үшін адамзат баласын кінәлайды және сол апаттардың барлығы жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты деп есептейді. Бірақ бұл — әлемнің барлық қиындықтары үшін Трампты айыптау сияқты өте таяз пікір. Ауа райына байланысты апаттардың жиі орын алуы көбінесе қауіпті жерлерде тұратын адамдар санының ұлғаюына байланысты. Климаттың өзгеруі апаттардың жиілігіне аса үлкен әсерін тигізбейді. Мысалы, дауылдың статистикалық жиілігінің ұлғаюына, яғни тарихта жүз жылда бір қайталанатын оқиғалардың шамалы жиілеуіне әкеледі. Алайда Хьюстон үлкен дауылдардың суын тоқтатуға арналған бөгеттің үстіне үй салып, су тасқынынан қорғалмаған ғимараттарды тұрғызу арқылы өзін-өзі тұншықтырды. Сол сияқты Африкадағы аштық - жауын-шашын мөлшерінің өзгеруінің нәтижесі емес, шалғайдағы егістік жерлерде халық тығыздығы сияқты мәселелерге жол беретін үкімет қателіктерінің (және соғыстардың) нәтижесі.
Климаттың өзгеруін барлық жағымсыз нәрселерді түсіндіру үшін қолданар болсақ, апаттардың шын және түзетуге болатын себептерін дұрыс көре алмаймыз. Әрбір дауыл, құрғақшылық немесе су тасқыны кезінде «Климаттың өзгеруі!» деп дабыл қағу ғылыми объективтілікті емес, қауіпті фатализмді көрсетеді. Апаттар үшін бәріміз де белгілі бір деңгейде жауаптымыз, бірақ бұл көзқарастың тиімділігіне күмәніміз бар. Себебі ол бізді табиғи апаттардың алдын алу мүмкін емес деген дәрменсіз күйге түсіреді. Шынымен де, қазіргі уақытта көптеген апаттар адамзаттың өзімшілдікпен азғындауының алдын алуға келмейтін нәтижесі (әлде жазасы ма?) болып табылады. Бірақ, бұл да уақытша.
***
Біз «табиғи апат» тіркесін пайдалануды доғарғанымыз жөн. Апаттардың барлығы дерлік- табиғат сипаттағы төтенше оқиғалар мен адамдардың қателікке апаратын шешімдерінің өзара әрекеттесуінен туады. Адамзат ретінде біз мұндай өзара байланысты қайта саралап, экстремалды ауа-райы сияқты табиғи құбылыстардың қауіп-қатерін арттыратын шешімдерді біле аламыз. Біз дұрыс шешім қабылдауға міндеттіміз. Дұрыс шешім қабылдауды жетілдіру үшін біз тіпті қоғам атынан үнімізді үкімет сияқты институттарға жеткіздік.
Мысалы, тоңазытқыштың өртенуі салдарынан пайда болған алапат өрт 80 адамның қазасына әкелгенде, біз ұқсас апат қайталанбас үшін құзырлы өкілдерден жауап талап етеміз. Үкіметтің қабілетсіздігі біздің қалаларымыздың су астында қалуына немесе басқаша айтқанда, жермен жексен болуына әкелген кезде де шара қолдануымыз керек. Біз ж мойнымызға алып, су тасқынынан сақтандыру бойынша субсидиялар сияқты қарапайым жауаптарға қанағаттанбауымыз керек.

Сурет сайтынан https://syr-media.kz/news/7899-anday-tabii-apattar-azastana-aup-tndred.html