Зиялы ғылыми танымдық порталы

Ғалымдар вегетариандық болу гендерде жазылуы мүмкін екенін дәлелдеді

Ғалымдар вегетариандық болу гендерде жазылуы мүмкін екенін дәлелдеді

Американдық зерттеушілер 330 000 геномды талдағаннан кейін вегетарианшыларда өсімдік негізіндегі диетаны таңдауының себебін түсіндіре алатын гендердің барын анықтады.

Мыңдаған жылдар бойы әртүрлі қоғамдар мен мәдениеттер вегетариандық өмір салтын ұстанғанын біреу білсе, біреу білмес, бірақ бүгінде адамдардың аз ғана бөлігі ет жеуден бас тартады.

Адамдар етсіз диетаға этикалық себептермен жүгінеді, мысалы, жануарлардың жағдайын жақсарту немесе көмірқышқыл газдарының қалдықтарын азайту үшін. Бірақ бұндай өмір салты тұқым қуалауы мүмкін бе?

Зерттеушілер тобы өсімдік негізіндегі диетаны таңдауға генетика әсер етуі мүмкін екенін дәлелдеді.

330 мың геном зерттелген
АҚШ-тың Солтүстік-Батыс университетінің патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Набиль Ясин бастаған зерттеушілер тобы Ұлыбританияның Биобанкі деп аталатын ауқымды биомедициналық деректер базасын талдау жүргізді. Олар 40 пен 69 жас аралығындағы 5 324 вегетариандықты қатаң ұстанатындар мен 329 455 вегетариандық емес адамдардың геномдарын салыстырды.
Олар «қатаң вегетариандықпен байланысты локустарды» анықтауға тырысты. Генетикада локус дегеніміз - хромосомадағы геннің орны.
«Біз вегетариандықпен айтарлықтай байланысы бар үш генді, сондай-ақ вегетариандықпен байланысты болуы мүмкін тағы да 31 генді анықтадық», - деді Ясин Euronews Next-ке берген сұхбатында.

Зерттеудің нәтижелері PLoS ONE -да жарияланды.

«Генетикалық нұсқалардың тамақтану рационын таңдауға әсер ету механизмдері метаболизм, физиологиялық ерекшеліктер және дәмді қабылдау арасындағы өзара әрекеттесуді қамтиды. Диеталық өнімдерді ұнату мен тұтынуға дәм қабылдау әсер етеді», - деп аталып өтіледі зерттеуде.

Ғалымдардың пайымдаулары генетика мен вегетариандық арасындағы байланысты зерттеудің жаңа жолдарын ашады.

ДНК рөлі

«Осы гендердің кейбірінің атқаратын қызметтеріне сүйене отырып, біз липидтердің (майлардың) метаболизмі және оның мидың қызметіне әсері белгілі бір рөл атқаруы мүмкін деп болжаймыз», - деді Ясин.
«Болжамдардың бірі келесідей: еттің құрамында вегетариандықтар эндогенді түрде синтездеуге қабілетті бірегей майлы компоненттер болуы мүмкін, ал басқалары болса оларды еті бар тағамдардан алуы керек», - деп қосты ол.
Бұл ғалымдардың зерттеуі 2000-шы жылдардың ортасынан бері жүргізіліп келе жатқан GWAS геномдық зерттеулерінің бөлігі болып табылады. Бұл ғылыми тәсіл белгілермен немесе кейде аурулармен байланысты генетикалық вариацияларды анықтау үшін қолданылады.
GWAS-тың төңірегінде зерттеушілер геномдық нұсқалар мен нақты белгілер арасындағы байланысты қарастырады, дегенмен олар себеп-салдарларды емес, корреляцияны ғана анықтай алады .
«Біздің зерттеуіміз вегетариандық өмір салтының генетикасы мен физиологиясын одан әрі зерттеуді ынталандырады деп үміттенеміз», - деді Ясин. 
Алынған нәтижелер әр адамға барынша жекешелендірілген диеталық ұсыныстарды беруге және етті алмастыратын сапалырақ өнімдерді өндіруге мүмкіндік береді», - деп қосты ол.

Мақала қазақ тіліне https://ru.euronews.com/next/2023/10/09/vegetarianism-genetic сайтынан аударылды. 

Мақаланы қазақ тіліне аударған Назарбаев университетінің «Математика» мамандығының  4 курс студенті және Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын «Шырақ» студенттік клубының мүшесі Өміртаева Айым Мырзабекқызы.