Зиялы ғылыми танымдық порталы

3D баспа археология саласында қалай қолданылады?

3D баспа археология саласында қалай қолданылады?

Археология саласы көптен бері бүгін мен өткенді байланыстыратын көпір рөлін атқарып келеді. Дегенмен, 21 ғасырда заман дамыған сайын тарихты зерттеу үшін қолданылатын құралдар да дамуда. Сондай құралдардың ішіндегі ең айтулысы бұл  3D баспа және модельдеу. Елестетіп көріңіз, мыңдаған жылдар бойы мұқият сақталған белгілі бір артефактінің кескін келбеті әрбір бөлшегіне дейін айнытпастай етіліп қайта жасалынады. Бұл ғылыми фантастика емес, бұл бүгінгі күннің шындығы.  3D баспа күрделі дизайндар мен құрылымдарды көшірмелеу қабілеті арқылы өткен мен қазіргінің тоғысу жолында тұр. Бұл тек технология ғажабы ғана емес, сонымен қатар адамзат тарихынан сыр шертетін бай мұраларды сақтау, зерттеу, және тарату үшінде де үлкен мүмкіндік.
Бұл мақалада, біз  3D баспа мен модельдеудің археология әлеміне қандай өзгерістер алып келіп жатқанын зерттейтін боламыз. Археология мен  3D баспа бірлесіп көне мұраларды дәлдікпен көшірмелеуден бастап тарихи орындарды қайта құрастыруға дейінгі жұмыстарды қамту арқылы өткеннің кереметтерін тануда жаңа перспективалар ашады. Бұл технологияның археологиядағы көпжақты қолданысын және оның қалай тарихты қолжетімді ете алатынын анықтайтын боламыз. 

Инвазивсіз революция: Артефактілерді дәлдікпен көшірмелеу
Археология секілді аса ұқыптылық пен сақтықты қажет ететін салада ең басты мәселе көне артефактілерді еш зақымсыз мұқият сақтау және қорғау. Бұл көне мұралардың бойында баға жетпес ақпараттар сақталған және кез келген тигізілген зақым тарихи деректердің жойылуына алып келуі мүмкін. Ал,  3D баспа мен модельдеудің тарихи мұралармен жұмыс жасау барысындағы инвазивсіз (тікелей физикалық қатынассыз) әдіс арқылы революция алып келетінін көруімізге болады. 

3D басып шығарылған көшірмелердің артықшылықтары
Төзімділік және қауіпсіздік: Көшірмелеудің дәстүрлі әдістерінде мұраның түпнұсқасын зақымдап алу мүмкіндігі жоғары. Ал  3D баспа арқылы белгілі бір артефактінің цифрлы cызбасын шектеусіз уақытқа сақтауға және түпнұсқаға қол тигізбестен бірнеше рет көшірмелеуге болады. 
Бейімділік: Мақсатына қарай көшірмелердің пішінін оның бөлшектерін бұрмаламастан үлкейтуге не кішірейтуге болады. Бұл оның қолданыс ауқымын кеңейте отырып, ғылыми зерттеуден бастап көпшілікке көрсету мақсатында пайдалануға мүмкіндік ашады.
Қаржы тұрғысынан тиімділік:  3D модель жасалып болғаннан кейін оны көшірмелеу әлдеқайда арзанға түседі және оны кеңірек таратуға мүмкіндік береді.

Білім беру тәжірибесін арттыру
Сабақтың жақсы өтуі оқушылардың оған белсенді араласуына байланысты.  3D баспа арқасында оқушылар тарихи мұралардың көшірмесін өз қолымен ұстап, жақынырақ таныса алады. Бұл сол мұра жайлы тарихқа терең үңілуге және оны бағалауға көмектеседі. Мұғалімдер  3D басып шығарылған модельдерді әр түрлі тарихи концепцияларды түсіндіру барысында қолдана отырып, ойларындағы идеяны қолдарында көрсете алады. Сонымен қатар, бұл көшірмелерді археологиядағы практикалық жатттығуларда да қолдануға болады. Студенттер археологиялық әдіс-тәсілдерді бұйымға зақым келтіру қорқынышынсыз емін еркін үйрене алады.

Тарихты қолжетімді ету: Музейлердегі қолжетімділк
3D баспа мен модельдеудің археологиядағы ең маңызды жетістіктерінің бірі ол музейде келушілерге жаңа әсер сыйлау мүмкіндігі. Әдетте музей диплейлерінде тарихи мұра әйнек артында қалып қояды, ал  3D көшірмелерді келушілер өз қолдарымен ұстап сезіне алады. Зағип немесе мүгедек жандар үшін бұл тарихты сезінуге үлкен мүмкіндік береді. Бұған қоса, музейдегі әртүрлі көрмелерді дайындау және жабдықтау барысында да  3D баспаны қолдануға болады. Жоғары дәлдікпен басып шығарылған көрме заттары неғұрлым шынайы көрінсе, келуші соғұрлым тарихқа тереңірек шолиды. 

Тәуекелсіз зерттеу: 
Зерттеу жұмыстары барысында да тарихи жәдігерді зақымдап алу мүмкіндігі зерттеуге кедергі тудырады.  3D баспа көшірмелері бұл мәселені де шешуге көмектеседі. Зерттеушілер көшірмелерді әр түрлі физикалық сынақтардан өткізіп талдай алады және сол заманда қалай қолданылғаны жайлы да мәліметтер ала алады. Сонымен қатар, бұл көшірмелерді әлемнің әр жеріндегі зерттеу орындарымен ешқандай тасымалдаудағы зақым қатерінсіз бөлісуге болады. 

Археологияық ландшафтарды модельдеу 
Адамзат тарихын баяндауда артефактілер жекелей үлкен пазлдың бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Олардың маңызы зор болғанымен, олар тек ғаламат картинаның бір бөлігі ғана. Ол бұйымдардың артында кезіндегі тіршілігі қайнаған бүтін бір қалалар, киелі храмдар, шулы базарлар мен бекініс қорғандары секілді археологиялық ландшафтар жатыр. Осындай кең ауқымды саланы түсінуде тек жекелей артефактілерді ғана зерттеу жеткіліксіз. Осы тұста  3D баспа мен модельдеудің шын қабілетін байқауға болады. 

Көне қалаларға көрініс ашатын терезе
Археологтар жерсерік суреттерін, георадарларды, және дәстүрлі қазба деректерін бірлестіре қолдана отырып көне қоныс орындарының толық моделін қайта жасай алады. Ол моделдер дайын болғаннан соң,  3D баспа көне цивилизацияның қоғамдық және мәдени орындарын, архитектуралық стильдерін, қала жоспарларын қайта өмірге әкеле алады. Бұл реконструкциялар зерттеушілерге сол замандағы халықтың тұрмысы, қозғалысы, сауда жолдары, тіпті әдет-ғұрыптары жайлы гипотеза жасауға мүмкіндік береді. 

Жоғалған сәулет ғажайыптарын қайта бейнелеу
Бабылдың аспалы бағы және  Александрия шамшырағы секілді көптеген керемет құрылыстар уақыт өте жойылып кетті. Жазба деректері мен шала иллюстрациялар бар болғанымен, сол құрылыстардың толық ғажайыбы әлі болжам түрінде ғана қала бермек. Дегенмен, дисциплина-аралық зерттеулердің арқасында, көне жазбаларды, архитектуралық әдістерді, және белгілі аналогтарды қолдана отырып  3D баспа мен модельдеу сол құрылыстарды қайта өмірге әкеле алады. 

Бірлескен зерттеу және виртуалды шындық
3D модельдер сандық сипатта болғандықтан оларды оңай ортақ пайдалануға және жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуге болады. Әртүрлі саладағы сарапшылар жиналып, өз білгендерімен бөлісу арқылы модельдерге түзетулер енгізе алады. Сонымен қатар, бұл 3D ландшафтарды виртуалды шындық (VR) платформаларымен біріктіру арқылы шынайы әсер беруге болады. Пайдаланушылар тарихты өз көзімен көріп, ежелгі Рим көшелерімен виртуалды түрде серуендеуге, Мысыр пирамидаларын зерттеуге немесе Ұлы Қытай қорғанымен жүріп өтуге мүмкіндік алады. 
Асылында, жеке артефактілер өткенге тек бір сәт көз жүгірттірсе, археологиялық ландшафтарды  3D басып шығару мен модельдеу бүтін бір әлемді ашады. Ол уақыт пен кеңістіктің кедергілерін бұза отырып, ата-бабаларымыздың күнделікті өміріне қадам басуға, олардың құралдары мен әшекейлерін ғана емес, олардың өмір тәжірибесін, ұмтылыстарын және қоғамдық құрылымдарын түсінуге мүмкіндік береді. 

Тарихты жөнге келтіру: 3D басып шығару арқылы қалпына келтіру және қайта құрастыру
Осы уақытқа дейін сансыз артефактілер мен құрылыстар уақыттың, табиғи апаттардың немесе адамның араласуынан зардап шекті. Келмеске саналып кеткен бұл мұраларды  3D баспа арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Қолда бар бөлшектерден, тарихи жазбалардан және салыстырмалы зерттеулерден деректерді жинау арқылы 3D басып шығару артефактілердің жоғалған немесе зақымдалған бөліктерін қалпына келтіре алады немесе тіпті тұтас құрылымдарды қайта жаңғырта алады. 

Құбылмалы әлемдегі цифрлы сақтау
Біздің әлемде климаттың өзгеруі, урбанизация және археологиялық ескерткіштерге қауіп төндіретін қақтығыстар үнемі орын алып отырады.  3D сканерлеу мен  3D баспа көне мұралардың сақтық көшірмелерін жасауға мүмкіндік береді. Егер түпнұсқа артефактілер жоғалса да, олардың сандық аватарлары болашақта зерттеу және бағалау үшін сақталып қалады. Бұл сандық мұрағат құбылмалы әлемде тарихты сақтаушы рөлін атқарады. 

Қорытынды: Археологияның цифрлық дәуірдегі болашағы
Археология әрдайым бізді түп тамырымызбен байлансытыра отырып, қайдан шыққанымызды түсінуге және сол білімді болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған сала болып келді. Қазіргі таңда  3D баспа,  3D модельдеу, және VR виртуальды шындық секілді технологиялары бар цифрлық дәуірде бұл миссияның маңызы артуда. Біз тек тарихты бақылап қана қоймай, онымен әрекеттесеміз, оны қайта қалыптастырамыз және оның үздіксіздігін қамтамасыз етеміз. Біз жаңа нәрселерді ойлап тапқан сайын, көне дәуір оқиғаларының дауысы қоғамның жүрегі мен санасында қайта жаңғырады. 

Мақаланың тұпнұсқасы "How is 3D Printing Used in the Field of Archeology?" 

Мақаланы ағылшың тілінен қазақ тіліне аударған Назарбаев Университетінің Master of Science in Mechanical and Aerospace Engineering маманығының 2-ші курс студенті Кемел Шоменов.

Басты беттегі сурет https://howseptik.com/poleznoe/ispolzovanie-3d-pechati.html сайтынан алынды.